Өлмесең көре бересің
Атырау облысының медицина саласы соңғы кезде өте қатты сынға алынып жүргені жасырын емес. Бір құмалақтың бір қарын майды шіріткеніндей, дәрігерлердің салдыр-салақтығынан қалың бұқара ақ халатты жандарға сенуден қалған. Мен де өмірге келгеніне жиырма күн болмаған сәбиім қатты қиналып ажал аузында жатқанда, қандай дертке шалдыққанын біле алмай, дал болғанда дәрігер қауымынан үмітімді үзген жандардың бірі болғанмын. Бірақ баламның күні бүгінге дейін тыныс алып, өмір сүріп келе жатқанына біріншіден бір Алла тағаланың көмегі тисе, екіншіден баламды қайта тірілткен дәрігерлер қауымының жедел іс – қимылы мен жоғары біліктілігінің арқасы деп есептеймін.
Өмірінің алғашқы күндерінен бастап – ақ, жаны қиналып, шырылдап жылаудан көш ашпаған баламның дертіне көпке дейін дауа табылмады. Облыстық перзентханада «гипоксия мозга» деген диагнозбен он бес күн емделіп шыққан баламызды құшағымызға алып, үйімізге барып мауқымызды басып, қиын күндерді артқа тастадым ба деген қуанышым екі күннен әріге аса алмады. Бауыр етім баламның жаны шығып жылаған дауысын естігенде, оның өлім алдында жатқан халін көргенде өзімді қоярға жер таппадым. Өмірге келген алғашқы сәбиімнің болашақ өмірінен үмітімді де үзе бастағам. Өйткені, дәрігерлер қауымы адам болу, болмауы екіталай деп алдын – ала ескертіп қойған. Он бес күн бойына сау баладай пырылдап ұйықтай алмаған балама қойылған «дұрыс, шын» диагнозын естігенде жүрегім аузым тығылды. Бес мың балада бір кездесетін ауру осы баланың маңдайына жазылыпты. Өте сирек кездесетін, қандай себептен пайда болатыны да белгісіз «левая диафрагмальная ложная грыжа» деген дерт балама іштен туа біткен. Медициналық терминді, соның ішінде сирек кездесетін ауру ғой, не ауру екен деп отырған боларсыздар. Қарапайым тілмен айтқанда сәбиімнің жүрегі оң жақтан соғатын болған. Көк еті жыртылып, ішкі құрылыс астан – кестенге түскен. Он бес күн бойына облыстық перзентханада жүрек соғысының сол жағынан емес, оң жағынан соққанын естімеген дәрігерлерден әбден көңілім қалды. Бірақ, бір жамандықтың бір жақсылығы болады демекші, осы диагнозды қойып, тез арада операция жасауға шұғыл шешім қабылдаған облыстық балалар ауруханасының дәрігерлер ұжымының жеделдігі мен жоғары біліктілігі медицина қызметкерлерінің менің жүрегіме салған жараның жазылуына үлкен септігін тигізді.
Тағдыры қыл үстінде тұрған балама Атырауда бірінші рет өте күрделі, қауіпті операция жасалды. Тек жасалып қойған жоқ, операция сәтті, өз деңгейінде шықты. Үзілген үмітім қайта жалғанды. Құдайдан баламның әрі қарайғы амандығын тілеумен болдым. Ішкі құрылыстарының барлығын орнына қойды. Әрі қарай жұмыс жасап кетуі де неғайбыл деді. Он бес күн реанимацияда жатқан балам көзін ашып, сүт іше бастағанда ішімнен шүкіршілік айттым. Содан бутылкадан сүт ішкен баламды жиырма күн дегенде емшек емізе бастағанда тағы шүкіршілік еттім. Күн өткен сайын бір жақсылығымен қоса, бір ауруы жамалып отырған балам қырық күн өткеннен кейін ауруханадан шықты. Әрине, осындай күрделі операциядан кейін сәбиімнің құлан – таза айығып, жүз пайыз дені сау адамдар қатарына бірден қосылып кетпейтінін де білем. Дегенмен, облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері баламның болашақ өміріне үлкен баспалдақ салып берді. Оны қайта тірілтті. Атырау медицинасының тарихында бірінші рет жасалған сәтті операцияны жұрт мақтайтын Астана, Алматы немесе көрші Астрахандық дәрігерлер емес, кәдімгі біздің жерлес дәрігерлеріміз жасады. Осындай істері үшін оларға үлкен алғысымды білдіремін. Көптің бәріне топырақ шашуға болмайтынын айтқым келеді. Арамызда өз ісінің білгірлері, Гиппократ антына адал дәрігерлер бар екенін айтқым келеді. Дәлірек айтар болсақ, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Айтмухамбетов Нұрғабыл Әбуұлына, жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Сабиров Дулат Рамазанұлына, хирургия бөлімінің меңгерушісі Мерғазиева Гүлмира Төреханқызына, хирург Алмағамбетов Арыстан Семғалиұлына, ОПН бөлімінің меңгерушісі Әзербаева Зауре Мырзабайқызына және осы ұжымның барлық басқа дәрігерлері, мейірбекелері және қызметкерлеріне отбасымыздың атынан алғысымды білдіреміз. Сондай-ақ, дер кезінде жедел жәрдем көмегін көрсетіп, облыстық ауруханаға жеткізген Махамбет аудандық ауруханасы ұжымының дәрігер – реаниматоры Сайлау ағайға, дәрігер - педиатр Қарлығаш апайға рахметімізді айтамыз.
Нургалиева Шолпан
Мен Бекетке жасалған операция қаламызда бірінші рет жасалғанын білмеппін. Мақаланы оқып, әлі сенбей отырмын. Бірақ дәрігерлердің осындай өте қауіпті операцияны сәтті өткізгендеріне қуаныштымын. Шолпан, бұдан былай сәбилерің тек сендерді қуанышына кенелтсін!
Кудайға шукір! кішкентайыныздың аман есен ел катарына қосылып, улкен азаматша болып өсуіне тілектеспін. Сіздерге көмектескен ақ халатты абзал жандарға мен де рахмет айтам.
Ия, Аллаға шүкір, бәрі жақсы аяқталыпты,
балаңыздың қызығын көріңіз
Алла баянды ғұмыр бергей сәбиіңізге.
мен бұл операция туралы оқып едім, балаңыздың дені сау, ғұмыры ұзақ болсын.
Атыраулық дәрігерлер, жарайсыңдар!
Мен де шын пейілмен қуынышымды білдірем. Осындай мақалаларды оқығаннан кейін, өзімнің болашағым да мазаландырады, жаман айтпай жақсы жоқ дегендей…Асеке, айтшы, бұндай жедел де күрделі операцияларға ақы төлене ме, әлде тегін ба?
Қанша тұратынын білмейді екенмін, бұл сирек кездесетін аурулардың бірі (бес мың балаға бір рет), облысымызда бірінші рет сәтті жасалған операция екен. Дәрігерлердің айтуынан түсінгенім бізге дейін бір науқасқа осындай диагноз қойылып, операция сәтсіз аяқталған. Біз түскен кезде бағымызға орай жақында осы ауру жөнінде Санкт-петербургке специализацияға барып келген хирург кезекшік атқарып, жедел осы диагнозды қойған. Баланы операцияға дайындап жедел түрде операция болады. Бізге айтпағанымен балаға эксперимент жасағанын білдік. Қырық бес күн ауруханада күтімде болды. Эксперимент болғасын да болар бәрі тегін болды. Тек әкесінен 400 грамм қан алғаны болмаса.
Бір ғана өкпеміз перзентқана дәрігерлері (узилерінің көрмегенін былай қойғанда) рентгеннен баланың ауру екенін көрмеген, жүрегінің оң жақтан соғатынын естімеген. Неден емдегені белгісіз баланы он екі күн ұстап дені сау деп жазып қоя берген. Үш килограмм болып туылған бала перзентханадан шыққанда екі жарым килограмм.
Күн жарым үйінде болып, Махамбет аудандық ауруханасына жансақтау бөліміне түседі. Кейінгі жағдай жоғарыдағыдай. Құдай көпсінбесін қазір бала жаман емес.
PS пікір жазушылардың көбі менің балам деп түсінген сияқты. Бұл менің жиенім.